Әзербайжан консулдығы «Қожалы оқиғасының» құрбандарын еске алды.
Ақтаудағы Әзербайжан консулдығында «Қожалы оқиғасының» құрбандарын еске алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz. Қожалы оқиғасынан қаза тапқандарды консулдықта бір минут үнсіздікпен еске алып, Әзербайжан консулы Эльмар Мамедов жаппай қырғын жөнінде мағлұматтармен бөлісті.
- Бұл күн бүкіл Әзербайжан елі үшін өте ауыр соққы болды. Аяқ астынан жасалған шабуылдың кесірінен қаза тапқан әр жанның тағдыры тарихта қанмен жазылды. Бүгінде сол ауданда Қожалы оқиғасының құрбандарына арналған аллея бар. Қанды оқиғаға аттай 29 жыл толса да, ол күн әлі әзербайжан елінің көз алдында, жүрегінде. Сондықтан қай елде жүрсек те Қожалы оқиғасында шейіт болғандарды ұмытпай, еске алу біздің азаматтық борышымыз, - деді Ақтаудағы Әзербайжан Республикасының консулдығының бас консулы Эльмар Мамедов.
Жер үшін шейіт болып кеткен адамдарды еске алу шарасына Ақтаудағы Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан консулдары және Қазақстан Халықтарының Ассамблеясының өкілдері мен әзербайжан ұлтының азаматтары, сонымен қоса «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Қабышқызы қатысты.
- Бүгінгі күнді қаралы күн деп емес, жарық күн деуіміз керек. Өйткені олар өздерінің өмірімен бостандық алып берді. Осы елдегі консулдар, сіздер Қожалы оқиғасы сияқты жағдай қайталанбасын деп осы елде жүрсіздер. Сіздер бүкіл әлемде жүрсіздер. Ал жер үшін опат болған періштелер үшін дұға жасау біздің парыз, - деді «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Қабышқызы.
1992 жылы 26 ақпан күні Әзербайжан елінің Қожалы елді мекенінде қанды оқиға орын алып, соның салдарынан 613 адам шейіт болған, оның ішінде 63-і балалар, 106-сы әйелдер және 70-і қарт кісілер. Қожалының 150-ге жуық тұрғыны іс-түссіз жоғалып, бүгінге дейін табылмаған. Армения елінің адамдарды жаппай өлтіру әрекетінің кесірінен 8 отбасы толығымен қырылып, 25 бала тұл жетім, 130 бала жартылай жетім атанған. Ал жойқын әрекетті ұйымдастырғандар 1275 тұрғынды тұтқында ұстаған. Қожалы елді мекенінің 5379 тұрғыны зорлыққа ұшыраған.